Жұмыс уақыты: 9:00-18:00 ДС-ЖМ

Өнертану профессоры Мәрзия Жұмашқызы 60 жаста

Саналы ғұмырын бейнелеу өнерінің өте ерекше түрі экслибрис жанрына арнаған өнертану профессоры Мәрзия Жұмашқызы   1961жылы 1 сәуірде  Мәртөк ауданы, Шаңды ауылында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университтеті  Көркем еңбек және Дизайн кафедрасының мәдениеттану кандидаты,  өнертану профессоры, ҚРСО мүшесі, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, Ақтөбе облысының жыл адамы,  жерлесіміз  Жақсығарина Мәрзия Жұмашқызы 60 жасқа толды.   

Суретші туындылары Аргентинаның, Бельгияның, Италияның, Польшаның, Ресейдің, Францияның мұражайларында, қазақтың Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік көрме өнер мұражайында, Ақтөбе тарихи-өлкетану мұражайында, Мәскеу экслибрис мұражайында сақтаулы. Онға тарта кітаптары көркемделген. Суретші линогравюра, акварель, офорт, портрет, натюрморт, табиғат көріністерін салумен айналысады. Қыл қалам шебері негізгі тақырыбы – қазақ ұлттық өнері.

1996 жылы  Ақтөбе қаласының 130 жылдық мерейтойына орай  «Ақтөбе қаласының құрметті азаматы» атағы берілген. 1997 жылы Мәртөк ауданының сол кездегі әкімі  Әжібаев Ерсайын Ысқақұлы шақыруымен аудандық музейде жеке көрмесі ұйымдастырылған. 2014 жылдың 21 сәуіріндегі № 695 бұйрығы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен М.Жақсығарина «Өнертану» мамандығы бойынша Қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы берілген.  М.Жақсығарина Португалиядан шығатын әлемдік энциклопедияға екінші рет еніп отыр. Энциклопедия тарихында кітапқа енген Қазақстаннан шыққан жалғыз суретші әйел.

2018 жылы  ауданда өткен «Анаға тағзым» форумының құрметі қонағы болып, жас суретші таланттарға  шеберлік сағатын өткізген болатын.

2019 жылы Мәртөк ауылына атақты грек суретшісі Иван Кириакидиді арнайы алып келіп, жастармен кездесу ұйымдастырған болатын. Осы жылы  Қ.Жұбанов  университетінде  атақты суретшілер көрмесі өткізіліп,  Қ.Медетов  ат. өнер мектебінің бейнелеу үйірмесіне қатысатын балалар арнайы шақыртуымен қатысқан болатын. Аудандық музей мен өнер мектебі үнемі байланыста  жұмыс жасап келеді. Музей қорында атақты жересіміздің 200 ден аса алғашқы еңбектерінің түпнұсқасы сақталған. Дегенмен, әлемді қара қылқаламмен жеткізу шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді. Графика саласы Қазақстанда кенже дамып келе жатқанмен, шет елдерде жоғарғы бағасын алып келеді. Шығармашылықтың шыңын бағындырған Мәрзия Жұмашқызына зор денсаулық тілейміз. Туған жері үшін қолынан келген көмегін аямауға тырысатын Мәрзия Жұмашқызының ізбасарлары көп болса деп тілейміз.

Ұ.Осанова

Музей қызметкері