Жұмыс уақыты: 9:00-18:00 ДС-ЖМ

Хас шебердің дара жолы

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы «Дәстүр мен ғұрып» жобасы аясында 18 наурыз «Хас шебердің дара жолы» тақырыбында ҚР Суретшілер және Қолөнершілер Одағының мүшесі, жерлесіміз Әбілов Ерқосай Қожбанұлы 65 жас толуына орай аудандық музей ұйымдастырумен «Ақтөбе облыстық тарихи – өлкетану музейі» конференция залында кездесу сұхбаты өткізілді.

Мәртөк ауданы әкімі А.Салықбаев атынан 65 мерейлі жасымен құттықтау лебізі мен шапан жабу рәсімін Мәртөк аудандық мәдениет, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысы Б.Амантурлиев табыстады.

Кешті аудандық музей директорының м.а. Ұ.Осанова жүргізіп отырды. Кездесуде сөз алған құрметті қонақтар «Мәртөк ауданының құрметті азаматы» С.Ботағарин ауданның тарихи кезеңдерінен сыр шерте отырып, 2000 жыл Мәдениетті қолдау жылына орай «Мәртөк таланттары» көрмесі аясында Ерқосай шебердің бұйымдары қойылып, алғашқы көрген сәтін еске алды.

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,ауылдасы Жолекенов Сағидолла балалық шағы туралы: Ерқосай Әбіловтың балалық шағы Мәртөк ауданының, Жайсаң ауылдық округіне қарайтын «Қозылауыл» елді мекенінде өтті. 1956 жылы дүниеге келген ол, нағашы әжесі Балыштың тәрбиесінде болды. Бұл ауылда «Жайсаң» кеңшарының, Жаңатаң бөлімшесінің тауарлы – сүт фермасы, бастауыш мектеп, шағын дүкені бар, 1955 – 60 жылдары 40 – қа жуық үй болды. Ерқосай Әбілов 1967 жылы «Қозылауыл» бастауыш мектебін бітірген соң, оқуын бөлімше орталығы, Жаңатаңда жалғыстырды. Анасы Нұржамал Әбілова «Қозылауылда» да, «Жаңатаңда» да фермада сауыншы болып істеді. Мен, осы жолдардың авторы 1968 – 74 жылдары фермада есепші болдым. Шаруаң болып апайдың үйіне кірсең, оқушы Ерқосай қай уақытта да қағазға сурет салып отыратын. Дұрыс салынбаған, ұнамаған суреттері де үйіліп жататын. Тәуір дегендерін «Балдырған» журналы, «Қазақстан пионері» газетіне жолдайтың Жоғары білімі болмаса да, тума талант екеніне тоқталды.

Ерқосай шебердің ақындық қырын аңғарған ҚР Мәдениет қайраткері, журналист, ақын Қалауов Нұрлыбек ақындардың бір жинақ кітабына енгізгенін айтып, өлең шумағының қысқа болғанына қарамастан мол мағынасы бар екеніне тоқталды. Сонымен қатар Ерқосай шебердің өзі домбыра тарта білмесе де,домбыра жасау шеберлігіне тоқталды. Ерқосайға бірде шет елдік кездеседі. Сіз шеберсіз, домбыра тарта алмайсыз қыр-сырын қалай білесіз? –деген екен. Сонда тапқырлықпен былай деп жауап берген:

- Я, мен домбыра тарта алмаймын. Бірақ, «авиаконструктор» ұшқыш емес. Мен де дәл сондай «авиаконструктормын» деген екен. Таң қалған шет елдік риза болған екен.

Мәртөк ауданы беделді азаматы, кәсіпкер С.Садуанов өнерді әрқашан қолдауды, насихаттауды атап өтті.Ерқосай ағамыздың үнемі жанынан табылатын Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгір шебердің әр ісінен өнеге, өсиет алатына тоқталды. Домбыраға арнайы қой шегін пайдалану тәсілі арқылы жасатып, мықты күйші тартып ерекше баға бергеніне тоқталды.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, сазгер Тілеулесов Талғат Ерқосай шебердің өнердегі жолдасы ерекше ықыласын білдірді. Аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Сүйінғалиева Қымбат Шоқайқызы ағамыздың қазақ мектебінің түлегі екеніне ауданнан шыққан кітаптарға енгенін атап өтті.

Аудандық Мәдениет Үй басшысы М.Ноғаев және дәстүрлі әнші Ә.Күзембаев қатысты. «Мәртөк вальсі» әні мен Қадір Мырзалының сөзіне жазылған Донеділ Қажымовтың «Ата» термесі шырқалды. Облыстық тарихи – өлкетану музейінің директоры М.Дүйсенғали кештен ерекше рухани әсер алғанын жеткізді. Кеш соңы Ерқосай Қожбанұлы экспонаттарынан құрылған экспозицияда жалғасты. «Қазақстан-Ақтөбе» , «Рика тв» телеарнасына шебер Әбілов Ерқосай, аудандық музей қызметкерлері Сибгатова Гульмира, Осанова Ұлдай сұхбат берді.