28 мамыр Ақтөбе қаласының 154 жылдық мерейтойына орай диірмен тартудан көрініс көрсетілді. 60 диірмен қойылып, Мәртөк ауданынан "Дәстүрге жол - қазақ аналары" төрайымы Бекназарова Шара Смағұлқызы, Алдажарова Әдемі , Мақатова Айжан Қорғанбекқызы ат салысты.
Қол диірмен – мыңжылдық тарихы бар, екі қыша тастан және саптан жасалған көне механизм. Ол бидайды немесе басқа да дәнді дақылдарды үгіп, ұн жасауға арналған үй-тұрмысында қолданылған құрылғы.
Диірмен тастары бір-бірінің үстіне қойылған бірдей өлшемдегі екі дөңгелек блоктан тұрады. Екі блоктың беттестірілген жақтары 6-12 данаға дейін кедір-бұдырлы сызықтардан құралған ойықтар түрінде бедерлі өрнекпен жабылған. Олардың тереңдігі 15-тен 20 миллиметрге дейін жеткен. Сызықты ойықтар беткейлермен кезектесіп отырады. Шұңқырлар орталық тесікке бағытталған, онда жұмыс кезінде пайда болған ұн құйылады.
Дәндер екі тас блоктың қарама-қарсы ойықтарына түсіп, ұсақ бөлшектерге бөлінеді. Осының арқасында астықты ұнтақтау процесі қамтамасыз етіледі.
Өткен ғасырларда қол диірменді ауылдарда, әр үйде кездестіруге болатын. Қазіргі кезде қол диірмені музей жәдігеріне айналып кеткені шын.