18.03.2023 жылғы Мәртөк аудандық қоғамдық-саяси газетінің 11 санында Ұ.Осанова мақаласы.
Ұлттық құндылық – ұлы мұрат
16 наурыз Мәртөк ауданы әкімдігінің қолдауымен Мәртөк ауданында «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің филиалы ашылды. Ақтөбе қаласынан арнайы келген қонақтар «Қазақ аналары – дәстүрге жол» Ақтөбе облыстық қоғамдық бірлестігінің мүшелері Ақтөбе облысы географиясы кітабының авторы, ҚР «Алтын кітабы» энциклопедиясы кітабына енген өлкетанушы, ардагер ұстаз Серғалиева Райгүл Ақтөреқызы, ардагер ұстаз, қолөнер шебері Құлекенова Клара Тәкібайқызы, көпбалалы ана, 3 рет қажылыққа барған қажы Айжарықова Шамсия, медицина саласынын ардагері Көшкімбаева Мариям Сақиқызы, Ақтөбе облыстық кәсіподақ төрайымы Табельдинова Назира Сарсембайқызы. Мәртөк ауданы бойынша ұйымдастыру жұмыстарына ат салысқан әжелер Мақатова Айжан Қорғанбекқызы, Бекназарова Шара Смағұлқызы, Сүйінғалиева Қымбат Шоқайқызы және «Илигай» әжелер ансамблі мүшелері.
Тұсаукесер сәтінде алғашқы сөз сөйлеген Мәртөк ауданының әкімінің орынбасары Әлжанов Қайрат Хасенұлы аудан әкімі атынан құттықтау лебізін жеткізді. Лента қию рәсімін Қымбат Шоқайқызы, Ақтөбе қаласынан келген қажы Айжарықова Шамсия өткізді.
Мәртөк аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыдырбай Шудабайұлы батасын беріп, әрі қара жаңадан ашылған бөлімнің ырымы ретінде ежелден келе жатқан «босаға майлау» салтына кезек берілді.Босаға майлау рәсімі жаңадан құрылған отбасылар немесе жаңа қонысқа келгенде қос босағаны майлап жасалатын салт. Бұл арқылы іші берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген мағынаны білдірген. Босаға майлау рәсіміне Мұқанова Нұрзада және Жанаева Жақұт әжелер жасап, тілектерін жеткізді.
Қазақтың салт – дәстүрінің бірі тұсаукесер рәсімімен жалғасты. Тұсаукесер рәсімін Мақатова Айжан апай өзгеше түрде шөппен байлап өткізді. Тұсаукесер - нәресте қадам басатын уақытта орындалатын дәстүр. Ел арасында "тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады" деген түсінік қалыптасқан. Сол себепті ата-бабаларымыз баланың алғашқы қадамына айрықша мән берген. Қазақ сәбидің тұсауын "көбейіп, көгере берсін" деп көк шөппен кескен.