Чернобыль апаты құрбандарын еске алды
27 сәуір аудан орталығындағы алаңда Чернобыль қаласындағы радиациялық апаттан қаза тапқан боздақтарды еске алу шарасы өтті.
Іс-шараның мақсаты – апат салдарынан қаза тапқан, ауыр жараланған ерлерге құрмет көрсетіп, ерліктерін өскелең ұрпаққа насихаттау.
Осыдан 37 жыл бұрын, яғни 1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль атом электр стансасында жарылыс болып, радиациясы көрші мемлекеттерге жетіп, апаты күллі адамзаттың қасіретіне айналды.
Чернобыль апатының алдын алуға елімізден 32 мың отандасымыз, соның ішінде Мәртөк ауданынан 12 жерлесіміз ерлігі мен жігерінің арқасында радиацияның әрі қарай таралуына тосқауыл болды. Олар Отан үшін өмірлерін қиып, өзге де адамдарды қорғап, өз борыштарын орындады.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Аслан Айтмағамбетов сөз алып, отандастарымыздың ерліктеріне тоқталды.
Шараға жиналғандар Чернобыль апатын жоюға қатысқан азаматтардың рухына бас иіп, боздақтарды бір сәт үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Сонымен қатар ауылдық әкімдіктің жиналыс залында оқушылармен кездесу өтті.