14 сәуір "Дәстүрге жол - қазақ аналары" Мәртөк ауданы бойынша төрайымы Бекназарова Шара Смағұлқызы ұйымдастыруымен Мәртөк музейінде ұмытыла бастаған "ҚҰЙРЫҚ БОТҚА" ғұрыптық дәстүр көрсетілді.Ақтөбе қаласынан Мақатова Айжан Қорғанбекқызы қатысып дәстүрдің жөн-жоралғысын көрсетіп, Жақұт әже батасын беріп, Нұрзада әже әнін арнады. Құйрық ботқа рәсіміне Қазан ауылынан Қайролла Айда, 5 айлық ұлы Мирамбеков Расул Мұратұлымен қатысып дәстүрді көрсетуге ат салысты.
Ертеден қазақ қоғамында адам баласының дүниеге келуінен бастап, өмірден өткенге дейінгі аралықтың барлығында түрлі ғұрыптық рәсімдер жасалып, салт-дәстүрлер орындалады. Нәрестенiң дүниеге келуi – қай халықтың салтында болмасын үлкен шаттық, зор қуаныш. Халқымыз өмір жалғастығы, ұрпағы санаған баласының өміріндегі ең маңызды кезеңдерді ырымдап, ескерусіз қалдырмаған. Осындай ұлттық ерекшелігімізді танытып, өзгелерден даралайтын салт-дәстүрдің көбі қазір ұмыт бола бастаған.
Бала кеудесін көтеріп, қадамдай бастаған шағында қазақ жұрты өткізетін – «құйрық ботқа» немесе «ботқа құйрық» бала құйрығын басып отырған кезде жасалады. Мұндайда үлкендер жағы күріштен не тарыдан ботқа пісіріп, табаққа салып, оның үстіне таза ақ шүберек жауып, оған кішкентайды отырғызған болады да, қайта көтеріп алады. Бұл баланың ширап, өз денесін ұстай алуына ықпалдасады деген сенімнен туған.